Астана қаласы мәслихатының төртінші шақырылым, кезектен тыс елу екінші сессиясы өтті.

Мынадай мәселелер қаралды:

1. Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқсандағы «Астана қаласының 2010-2012 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы.

2.  Қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы.

2010 жылдың 13 қазанында Астана қаласы мәслихатының төртінші шақырылым, кезектен тыс, елу екінші сессиясы өтті.

«Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқсандағы «Астана қаласының 2010-2012 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» баяндамасымен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ж.Ғ. Нұрпейісов сөз алды.

«2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қоюға байланысты республикалық бюджеттен 39 531 283 мың теңге сомасында мақсатты трансферттер бөлу көзделген, сонымен қатар, жоғарыда аталған Заңмен республикалық бюджеттен мақсатты трансферттерді жалпы сомасы 16 084 573 мың теңгеге азайту көзделген.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша салықтық түсімдер бойынша жоспар 104 пайызға, салықтық емес түсімдер бойынша 150 пайызға орындалған. Астана қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің ұлғаюына байланысты және бюджеттік қаражатты игеру мониторингі нәтижесі және бірқатар шұғыл мәселелерді шешу, атап айтқанда қаланы абаттандыруға, санитариясына және Азиада бойынша іс-шараларды қаржыландыру үшін жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша жылдық жоспарлы тағайындауларды қайта қарауға байланысты,  ағымдағы жылы Астана қаласының бюджетіне өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдерімен жеке кіріс бойынша болжамның жалпы ұлғаюы 955,0 млн. теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен өзгерістерді ескере отырып, шығынның жалпы көлемі 293 637 143,4 мың теңгені құрайды. Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына «Республикалық маңыздағы қала, елорданың құрама командаларын түрлі спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық спорттық жарыстарға дайындау және қатысуы», «Балалар мен жасөспірімдерге спорт бойынша қосымша білім беру» бағдарламалары бойынша 110 000 мың теңге, денсаулық сақтау басқармасына «Халыққа республикалық бюджет қаражатынан көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда, амбулаторлық-емханалық көмек көрсету», «Халықтың жекелеген санаттарын амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмектермен және балалар мен емдік тағамдарының арнайы азық-түлігімен қамтамасыз ету» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 250 000 мың теңге сомасына қосымша қаржы бөлу қарастырылды.

Мәслихат сессиясында «Қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы» мәселесі бойынша Денсаулық сақтау басқармасының бастығы          А.Ж. Ерманов сөз алды. Ол созылмалы миелолейкозбен  ауыратын науқастарды 2010 жылғы жергілікті  бюджет қаражаты есебінен «Нилотиниб» препаратымен амбулаториялық  деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұсынды.  

Астана қаласының мәслихатымен қабылданған нормативтік-құқықтық актілер Астана қаласының әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жолданды.