Астана қаласына Қырғыз Республикасы делегаттарының ресми келуі

Астана қаласы маслихатының шақыруымен Астана қаласына Бішкек қаласы кенешінің делегаттары келді. Ресми кездесуді ашқан Астана қаласы маслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас екі жақты келісіммен барлық бағыттар бойынша белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.

Кездесудің мақсаты - Астана қаласы мен Бішкек қаласы кенешінің арасында достық қарым-қатынас орнату. Екі бауырлас елді ұзақ ғасырлар бойы өзара түсіністік пен достық қарым- қатынас байланыстырады.

Қалалық маслихат хатшысы Ж.Нұрпейісов қонақтарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, инвестициялық әлеуметімен қысқаша таныстырып, үстіміздегі жылдың                      10-маусымынан 10-қыркүйек аралығында Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО- 2017 «Болашақ энергиясы» көрмесін өткізу Астана қаласының болашақта іскерлік, қаржылық және туристік ірі орталық легіне айналуына қуатты импульс беретінін атап көрсетті. 2018 жыл мерейтойлы торқалы жыл - Астана қаласы өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Соған орай, маслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов Бішкек қалалық кенешін Халықаралық           ЭКСПО-2017 көрмесі мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына шақыру мәртебесіне ие болды.

Бішкек қалалық кенешінің төрағасы - Қанатбек Музуралиев өз кезегінде Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласына шақырғанына өз делегаттарының атынан алғысын білдіре отырып, екі елдің жергілікті басқару органдары жұмысының ұқсастығын ескеріп, өздерінің екі маслихат арасында тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.

Қанатбек Музуралиев екі ағайынды елдер арасындағы қарым-қатынас көне заманнан бері жалғасып келе жатқанын, Қырғыз Республикасы үшін көрші Қазақстан мемлекетімен байланыстың маңызы зор екенін сөзге тиек етті.

Кездесу барысында, екі ел депутаттары басқару органдарының сұрақтарын талқылап, өздерінің құзыреті аясында қабылдайтын шешімдері мен сайлаушылар жүгінетін мәселелер жөнінде сөз қозғады. Олар мыналар: бюджетті бекіту, құрылыс және жолдарды қайта құру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі тәрбие, әлеуметтік сұрақтар және т.б.

Бішкек қалалық кенеші мен Астана қаласы маслихатының қарым-қатынасын нығайту мақсатында өткен ресми кездесудің қорытындысы бойынша, Астана қаласы маслихатының хатшысы Ж.Нұрпейісов пен Бішкек қаласы кенешінің төрағасы алдағы ынтымақтастық Келісіміне қол қойды.

Кездесуге Астана қаласы маслихатының тұрақты комиссия мүшелері мен Бішкек қалалық кенешінің тұрақты комиссия мүшелері және Астана қаласының мемлекеттік мекемелерінің басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.