Барлығына кәсіби-техникалық білім беру. Өмірге жолдау.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: дүниежүзілік бәсекелестік» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2017 жылдан бастап елімізде «Барлығына кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасы бастау алады деп жариялағаны мәлім.

Астана қаласы мәслихатының депутаты Аман Аюпов Астана қаласының №9 «Зерде» дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 10-11 сынып оқушыларын кәсіптік бағдар беру үшін «Астаналық шыныпакет компаниясы» ЖШС-н аралатты.

Аралаудан бұрын халық қалаулысы оқушылармен кездесіп, техникалық кәсіпті таңдау ерекшеліктерін талқылады. Өзінің тәжірибесімен бөлісе отырып, қазіргі таңда төртінші өндірістік революциялар заманы – автоматтандыру, роботтандыру заманы, еңбек өнімділігін арттыратын өндірістің жасанды интеллекті, осы саланың қызметкерлеріне қойылатын талаптарға назар аудара отырып, ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазір еңбек нарығы техникалық білімі бар мамандарға зәру.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің завод уақытпен қатар жүріп келеді. Өндірісімізде қол күшін азайтып, интеллектуалдық жағынан арттырып, автоматтандырдық. Сондықтан бізге бағдарламалық қамтамасыз етуді білетін адамдар, алдыңғы қатарлы әлемдік ұйымдардан оқып, тәжірибе алмасатын, Қазақстанда осы технологияларды енгізетін озық мамандар қажет. Осы техникалық мамандыққа қажеттілік құрылыс объектілерінде де, өндірісте де, сондай-ақ, жобалау-техникалық бөлімдерде, инженерияда және т.б. барлық жерде барлық уақытта болады. Бұдан былай жоғары білікті өндіріс маманы болу үлкен беделге ие, себебі оқыту мен біліктілігін үнемі арттыру, өзін-өзі жетілдіріп, қаржылай  жетістіктерге жету сияқты үлкен мүмкіншілік береді».

Сонымен бірге, компания басшысы компанияның құрылуы мен жетілу тарихынан көптеген қызықты жайттарды баяндады.

Аралап көруге шықпас бұрын оқушылар цехтағы қауіпсіздік техникасымен танысты. Цехтарды аралау барысында балаларды әйнектерді өңдеу процесі, фотоны басып шығару, мамандардың құрал-жабдықтармен жұмыс жасауы және т.б. қызықтырды.

Компания басшылығы 10-11 сынып оқушыларымен, колледж бен техникалық ЖОО студенттерімен осы сияқты кәсіптік бағдар беретін кездесулерді алдағы уақытта жүйелі түрде өткізіп тұруды жоспарлауда.