Қалалық мәслихатта Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен кезектен тыс сессия өтті

Мәслихат депутаттары өз өкілеттігі шеңберінде, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі лауазымына Көлгінов Алтай Сейдірұлының кандидатурасын тағайындауға келісім берді.

Алтай Көлгінов 1978 жылы қаңтарда дүниеге келген. Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және "Болашақ" Президенттік халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша Абердин Британдық университетінің магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы ҚСжАО(Д)кадр жұмысы бөлімінің бас маманы және міндетін атқарушы қызметінен бастады.

2002-2003 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің құқықтық статистиканы қалыптастыру басқармасының прокуроры болып жұмыс істеді.

2003 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, ал 2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілерді талдау және әзірлеу басқармасының бастығы болды.

2008 жылдан 2010 жылға дейін Алтай Көлгінов "Алаш Медиа Групп"ЖШС Бас директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Кейін екі жыл бойы, 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болды.

2012 жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, 2013 жылдың сәуір айында Орал қаласының әкімі болып тағайындалды.

2016 жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды және осы уақытқа дейін осы қызметті атқарып келді.