Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларында Астана қаласының 2011-2013 жылдарға арналған бюджетінің жобасы талқыланды.

Астана қаласы мәслихатының депутаттары 2010 жылдың 17 және 18 қараша күндері қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мәжілістерінде Астана қаласының 2011-2013 жылдарға арналған бюджетінің жобасын талқылады.

Депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, жергілікті бюджетті әзірлеу ережесіне сәйкес әзірленген үш жылғы кезеңге Астана қаласы бюджетінің жобасы ұсынылды. Бюджет жобасымен бірге депутаттарға бес жылдық кезеңге әлеуметтік-экономикалық дамуының (2011-2015 жылдары) және үш жылдық кезеңге бюджеттік өлшемдердің  (2011-2013 жылдары) болжамы ұсынылды. Сондай-ақ, мәслихат  депутаттары талқылауына атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының жобалары ұсынылды.

2011-2013 жылдарға арналған бюджеттің ұсынылған жобасын талқылау кезінде қалалық мәслихаттың депутаттары пайдалануға қабылданбаған, бірақ қалалық қызметтер тарапынан күтіп ұстауды талап ететін құрылыс объектілерін күтіп-ұстау мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, депутаттар кейбір мәдениет объектілеріне жер учаскелерін сатып алу қажеттілігі, көшелерді жарықтандыру және жинастыру, мектептерге және өзге де әлеуметтік маңыздағы объектілерге жолдарды және кіреберіс жолдарды абаттандыру, елорданың шалғай аймақтарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсету, мүгедектерге көмек көрсету мәселелерін  көтерді. Астана қаласының коммуналдық кәсіпорындарының дебиторлық берешегі мәселесі  ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, бұқаралық спорт және қала мектептері мен балалар спортттық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамыту, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру және аула клубтарын дамыту мәселелері талқыланды.

Тұрақты комиссиялардың ұсыныстары Астана қаласы бюджетінің ұсынылған жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолданды.