Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі өтті

Астана қалалық маслихатының мәжіліс залында Қоғамдық кеңес  отырысы өтті. Кеңес отырысын қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Есілов жүргізді. Оған маслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктің өкілдері, әкімдіктің өкілдері, мекеме, бөлім басшылары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісте нормативтік құқықтық актілердің мынадай келесі  жобалары қарастырылды: Жеңіс күніне орай Астана қаласының мүгедектері мен Ұлы Отан соғысының қатысушыларына қосымша әлеуметтік көмек көрсету, «Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгінің 25 жылдығына орай Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар қатарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қағидасы туралы» Астана қаласы маслихатының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 86/13-VI шешімінің күші жойылды деп тану туралы, Астана қаласы аумағын абаттандыру қағидалары туралы, «Астана қаласы бойынша сайлау учаскелерінің шекаралары туралы» Астана қаласының әкімінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 03-11шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу, 2017 жылдың 15 наурызынан « Елордамызда автомобильдік транспорт арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдау Ережелерін бекіту» туралы.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы жетекшісінің орынбасары Артем Абильдинов хабарлама жасап, Астана қаласының Ұлы Отан соғысына қатысушыларына биыл 1млн. қаржының орнына әр қатысушысына 500 мың бөлу туралы өзгерістердің барысын баяндады. Содан соң тыңдаушылар тарапы сұрақ-жауап алмасып, өз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде Қоғамдық кеңес төрағасы С.Есілов соғыс ардагерлерінің саны  жылдан жылға азайып баратынын ескеріп, биыл қалған 125 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жылдағы қаржы көлемін бөлу туралы қайта қарауды тапсырып, Қоғамдық кеңестің пікірін қала әкіміне, қала әкімінің орынбасарына, басшыларына жеткізуін тапсырды.

Қоғамдық қараудағы екінші мәселе бойынша баяндама жасаған А.Абильдинов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысушы 29 адамға 70 мыңнан әлеуметтік көмек көрсетілгені туралы ақпарат берді. Астана қаласы маслихатының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 86/13-VI шешімінің күші жойылды деп тануды кеңес төрағасы ұсыныс, ескертусіз мақылдауды ұсынды.

Мұнан кейін Астана қаласы комуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Қабыкенұлы мінбеге көтеріліп, қала аумағын абаттандыру, қарды жинау, жасыл екпелерді күтіп-ұстау, тұрғын үй аулаларын таза ұстауға байланысты қағидаларды орындау барысынан мәлімдеді. Ұсынылған мәліметтер тыңдалып, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар қайтарылды. Әсіресе, пәтер иелерінің кооперативіне қатысты пікірлер екі жаққа бөлініп кетті. Қоғамдық кеңес төрағасы нормативтік құқықтық актіге енетін жобалардың заңға қайшы келмеу керек екенін ескертіп, көтерілген мәселенің тұрғын үй заңнамасына сәйкес болуын жеткізді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша С.Сейітжанұлы кішігірім жұмыс тобын құрып, келесі жиында нақты ұсыныстар ұсынуды міндеттеді.

«Астана қаласы бойынша сайлау учаскелерінің шекаралары туралы» Астана қаласының әкімінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 03-11шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы мәселе бойынша Астана қаласы Ішкі саясат Басқармасы  басшысының орынбасары  Қамбаров Қайрат Тельманұлы баяндама жасады. Ол кейбір сайлау учаскелерінің құрылуына және Астана қаласында бірқатар көше атауларының өзгеруіне байланысты Астана қаласының Алматы ауданында қосымша 3 сайлау учаскесі, Сарыарқа ауданында 6 сайлау учаскесі және Есіл ауданында 1 сайлау учаскесі жабылып, жаңадан 1 сайлау учаскесі ашылатындығы жөнінде  ұсынылған жоба шешімін қолдауын сұрады.  Халық санының артуына байланысты сайлау учаскелерінің саны 9 учаскеге көбейетінін айта кетті. Қоғамдық кеңес мүшелері жоба шешімін бірауыздан дауыс беріп мақұлдады.

2017 жылдың 15 наурызынан « Елордамызда автомобильдік транспорт арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдау Ережелерін бекіту» туралы Қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының жетекшісі Игенбердинов Бекмырза Қайыргелдіұлы хабарлама жасады. Өз  кезегінде ол ЭКСПО-ға келетін қонақтардың саны көп болатындығын ескере отырып, қала тұрғындарының бұдан былай қоғамдық көліктерде қолма-қол ақшамен ғана емес, сонымен қатар қолма-қол шотсыз да төлем жасауға, қанша жер жүргені, қанша уақыт кеткені мен оның ақысын шығарып беретін түбіртек алу мүмкіндігі болуын қарастырып жатқанын жеткізді. Қыркүйек айына дейін бұл жобаны бітіріп, Қоғамдық кеңес қарауына дайындайтынын айта кетті. Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Күн тәртібіндегі мәселелер қарастырылып, сұрақ-жауаптар алмасып, ұсыныстар тыңдалып болған соң, отырысты Қоғамдық кеңес төрағасы С.Есілов  қорытындылады.