Мәслихат депутаттары мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің маңызды әлеуметтік жобасы «Паралимпиадалық жаттығу орталығы мен мүмкіндігі шектеулі зағип жандарға арналған «Тарлан» мұз айдыны қызметін ұйымдастыру» жайын талқылады

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында «Паралимпиадалық жаттығу орталығының»  және «Тарлан» мұз айдынының қызметінің тиімділігі талқыланды.

Аталған мәселені күн тәртібіне шығаруға қала тұрғындарының мәслихат депутаттарына мамандандырылған спорттық кешендегі сапасыз қызмет көрсету мен білікті жаттықтырушылардың және нұсқаушылардың жетіспеушілігіне назар аударуды өтініп жасаған шағымдары себеп болды.

Нұр-Сұлтан қаласының қалалық ортаны регенерациялау басқармасының жетекшісі Аржан Бұғыбаевтың берген мәліметі бойынша «Паралимпиадалық жаттығу орталығының»  жобасы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің ортақ нысаны, яғни, инвестор қаланың әлеуметтік дамуына үлес қосуға тырысады және коммерциялық пайдаға назар аудармайды. Ұсынылған деректер бойынша соңғы 6 айда орталыққа келушілердің саны артқан. 6 айлық көрсеткіш бойынша келушілердің жалпы саны 13000-ға жеткен. Басқарма бастығы келісім-шарт бойынша жаттығу орталығының міндетіне келушілерді тарту кірмейтінін атап өтті. Келушілер санын арттыру, орталықты мүмкіндігі шектеулі, зағип жандар арасында кең танымал ету МЖӘ қатысушылары – мемлекеттік құрылымдарға жүктеледі.

Бұғыбаевтың айтуы бойынша, 2020 жылдың басына қарай бір айда келушілер санын 5000-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкер «бұл жоба зағип жандардың салауатты өмір салтын сақтау тұрғысынан өмір сүру сапасын жақсарту үшін алғышарт болды» деп атап өтті.

Жаттығу орталығына келушілер саны мәселесін екінші спикер – Паралимпиадалық комитеттің директорының міндетін атқарушы Ерлан Сүлейменов айтып берді. Оның айтуынша, әуелбаста паралимпиадалық жаттығу орталығын салудағы мақсат қаладағы барлық зағип жандарға спортпен айналысу мүмкіндігін сыйлау болған. Комитет жетекшісі келесі мәліметтерді ұсынды: қаладағы зағип жандардың ұзын саны 22000-ды құрайды, күніне орталыққа 100 адам келеді. Мүгедек жандардың спортпен айналысуға құлшынысын оятатын бағдарламалардың керектігін қоса атап өтті.

Мәслихат депутаттары аталған ақпаратты талқылау барысында қаржыландыруға назар аудара отырып, аталған жобаның бизнес-жоспарын жасауда қателіктер жіберілген деп болжады.

Рамзия Өмірбаева, Қарақат Абден және Гүлнәр Данбаева сынды халық қалаулылары орталыққа келушілердің санының аз екендігіне өздерінің жеке көз жеткізгендерін айтты. Орталыққа келуші зағип жандардың санын арттыруға арналған бағдарламаларға қатысты сұраққа мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің ешбір тарабы ақылға қонымды жауап бере алмады.

Бірлескен отырыстың төрағасы Мирас Шекенов жоба концепциясын жасау барысында қаладағы мүгедек жандардың нағыз қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескерілмегенін айтты.

Орталықтың тиімсіз қызметі, білікті мамандардың тапшылығы, спорттық құрылғылардың талаптарға сай болмауы, спорттық нысанның қашықтығы және елордадағы мүгедектерді оңалтау жұмыстары жалпы шақырылған азаматтық қоғам белсенділері мен ҮЕҰ тарапынан наразылық туғызды. Олар депутаттарға мүгедек жандар өміріндегі осындай күрделі мәселелерді көтеріп, қолға алып жатқандары үшін алғыс айтып, елордалық зағип жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстар қатарын қарастыруды өтінді.

Шақырылған қонақтар мен мәслихат депутаттарының баяндамаларын тыңдаған Мирас Шекенов Паралимпиадалық жаттығу орталығының қаламызға өте қажет екенін алайда, жұмыс тиімділігінің күмән туғызып отырғанын жеткізді. Ол жан басына қаржыландыру енгізуді, оператор әкімшісін ауыстыруды ескере отырып, МЖӘ келісім-шартына өзгерістер енгізуді ұсынды.

Мәслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырысына мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы Қайырлы Таукен, қала аудандарының әкім орынбасарлары, қалалық басқарма жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.