«Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының XVIII съезіне байланысты Астана қаласы мәслихатының депутаты, саяси ғылымдарының докторы Зулфухар Сұлтанұлы Гаиповтың пікірі

 

   Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20жыл толып отыр. Партия өзінің бағдарламасында алғашқы күннен бастап қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Елбасының сөзімен айтқанда, «Нұр Отан» партиясы бұл элитарлық партия емес, керісінше, халықтың мұң-мұқтажын, халықтың әлеуметтік жағынан барынша қорғайтын бұқаралық партия. Бүгінгі съезде «Нұр Отан» партиясы тағы да өзінің басты бағыты - әлеуметтік бағыты екенінін дәлелдеп, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру жұмысына ерекше назар аударды. Нақтырақ айтқанда, «Нұр Отан» партиясы ел ішіндегі әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді талдап, 2030 жылға дейінгі өзінің даму  бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада халыққа 2019-2021 жылдар аралығындаәр балаға берілетін жеке әлеуметтік көмек көлемін кем дегенде 21 мың теңгеге дейін көтеретіндігін және құжат жинау барысында халықты әуре-сараңға салмай «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, көпбалалы отбасына баспана алу үшін төмен 2-3  пайызбен несие беру секілді,әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар қабылдайтыны туралы айтылды. Осы мақсатта ұлттық қордан және үкімет тарапынан 4,3 млрд қосымша қаржы бөлуі тапсырылды. 

Сонымен қатар, «Туған жер», «Құтты мекен» жобаларын біртіндеп жүзеге асыратыны туралы Елбасы мәлімдеді. Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін жақсарту үшін қала мен ауылды жерлердің айырмашалықты азайту, ол үшін ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту туралы тапсырма берілді. Осының барлығы да, партияның бұдан 20 жыл бұрын қабылдаған әлеуметтік саясаттан ауытқымайтындығын тағы да бір көрсетті. 

Айта кететін тағы да бір мәселе, Елбасы съезде білім мен денсаулық сақтау саласына да тоқталып кетті. Білім саласында үш тілділікті одан әрі жалғастыру керектігін, бірақ та, бұл істе байыппен ойланып әрекет етуді тапсырды. Денсаулық саласында да алғашқы медициналық көмек көрсету пунктерін барынша көбейту керектігіне тоқталып өтті. Бір сөзбен айтқанда, Конституцияда көрсетілгендей Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретіндегі барлық жауапкершіліктерін жалғастыра беретіндігі туралы айтылды.