Жеңіс күніне ардагерлер көмек алады

Депутаттар Жеңіс күніне қарсы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері үшін әлеуметтік көмек көлемін бекітті.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше Астана қаласында 95 соғыс ардагері тұрады.

Әлеуметтік көмек көрсетудің бекітілген ережелеріне сәйкес 9 мамырға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 67 АЕК көлемінде қолдау қарастырылады – бұл 161 мың 135 теңге. Мәслихаттың 31-ші кезектен тыс сессиясында депутаттар Астана қаласында тұратын ардагерлер үшін жергілікті бюджеттен 33 миллион 250 мың теңге бөлу туралы ұсынысты қолдады.

– Бұл әрқайсысына 350 мың теңгеден, - деп түсіндірді Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов.

Осылайша, 1 мамырға дейін Ұлы Отан соғысының барлық қатысушылары мен мүгедектері екі төлемді ескере отырып, Жеңіс күніне орай 511 мың 135 теңге көлемінде әлеуметтік қаржылай көмек алады.

Сонымен бірге депутаттар Астана қаласының қоғамдық кеңесі құрамына өзгерістер енгізді. Қоғамдық кеңестің төрт мүшесінің өкілеттігін уақытша тоқтатуға байланысты. Осылайша, Асқар Амирин, Айман Мұсаходжаева, Бүркітбай Аяған, Ерлан Сыдықов жеке өтінім бойынша қоғамдық кеңес құрамынан алынды.

Сессия жұмысына Астана қаласы аудандарының әкімдері, қалалық басқармалар басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.